Павлодар ауданы мәслихатының

ресми сайты
Навигация
Бір жылда7483
Бір айда351
Бір аптада44
Кеше3
Тәулік25
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысы
13-03-2020 15:24
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысы

Аудандық мәслихатта бірнеше тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Қаралған ең өзекті мәселелер: салықтық әкімшілендіру, ауданның кіріс бөлігін ұлғайту, кентішілік жолдардың жағдайы, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары және өзге де сұрақтар. Салықтық әкімшілендіруді жақсарту және аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша шаралар туралы Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Төлеген Шаймарданов баяндады. Жалпы, баяндамадан 2019 жылдың қорытындысы бойынша аудандық бюджетке түсетін түсімдер жоспары 110,2% орындалғандығы, яғни нақты түсім 898 228,0 мың теңгені құрағандығы белгілі болды. Аудандық бюджетке түсетін түсімдердің өсу қарқыны 106,8% құрады немесе түсімдер 57,173,0 мың теңгеге өсті. Сондай-ақ, Төлеген Біләлұлы 1 қаңтарға жеке тұлғалар бойынша өткен жылдардың берешегі толық өтелгендігін атап өтті. Бұл мүлік және жер салығы. Өткен кезеңдер бойынша қарыздар жоқ. Бұдан басқа, мемлекеттік кіріс комитетінің орталық деңгейінде көлік құралдарына салықты автоматты түрде есептеу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Мемлекеттік кірістер басқармасымен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезінде еңбек ресурстарын заңдастыру бойынша жүйелі түрде визуалды тексеру жүргізілуде, шығу нәтижелері бойынша 21 шаруа қожалығы жұмыс істейтіні, 927 жұмыс орны анықталды. Талқылау барысында депутаттар мемлекеттік кіріс, еңбек басқармаларымен, округ депутаттарымен бірлесіп, еңбек заңнамасын түсіндіру және орындау үшін шаруа қожалықтарына барып қайтуды ұсынды. Өйткені, жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші қызметкерді міндетті медициналық тексеруден өтуді міндеттемеу фактілері баршылық. Бұл кейіннен жыл сайынғы профилактикалық тексерудің жүргізілмеуіне әкеледі, демек, жұқпалы аурулардың, атап айтқанда туберкулез ауруының анықталу жағдайлар көп болары хақ. Мұндай фактілер бюджет кірісіне ғана емес, МӘМС жүйесін енгізуге де теріс әсер етеді.

Халық қалаулыларымен қаралған келесі мәселе: кентішілік жолдардың жағдайы. Экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Бөлемісов 2020-2022 жылдарға арналған жолдарды орташа жөндеу жоспарын ұсынды. Көрсетілген жылдары ауданда 119 388,0 сомасына кентішілік жолдарды орташа жөндеу жоспарланған. Талқылау барысында Шаңды, Коряковка, Заозерное ауылдарындағы кірме жолдарды жөндеу мәселесі қозғалды. Серік Қайыргелдіұлының айтуынша, Заозерное ауылына кіре беріс жол Шақат ауылдық округі әкімінің балансына берілген, кейіннен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарлануда. Егер жоба дайындалып, қаржы бөлінетін болса, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Басқа екі ауыл бойынша әзірге сараптама жоқ, қаржаттың бөлінуіне қарай құжаттар дайындалатын болады.

Күн тәртібі бойынша әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау ережелері сұрағы қаралды. Қолданыстағы ережелер бойынша, туберкулез ауруымен ауыратын тұлғалар 10 АЕК алатын болса, өзгерістер қабылданғаннан кейін аталған тұлғалар 15 АЕК, яғни 39765 теңге алатын болады.

Сондай-ақ депутаттар қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органның есебін тыңдады. Осы бағыттағы жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі, пробация қызметінде есепте 52 адам тұр, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 6 адамға 10 АЕК көлемінде 151500 теңге жалпы сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Бұдан басқа, депутаттар ауданды басқару схемасын, ауданның жер комиссиясының құрамы мен ережесін бекітті.