Павлодар ауданы мәслихатының

ресми сайты
Навигация
Бір жылда4469
Бір айда0
Бір аптада0
Кеше0
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – РУХЫ БИІК ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ!
04-05-2021 12:29
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – РУХЫ БИІК ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ!

Бүгін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Парламент Сенатының депутаттары, жерлесіміз Алтынбек Нұхұлы және Нұржан Нұрсипатовтың қатысуымен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылған жұмыстар туралы «Аманат» тобының отырысы өтті. Келелі жиынның өтуіне аудандық мәслихат депутаты, «Аманат» тобының жетекшісі, «Игілік-Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының төрағасы Бақытбек Баткеев, аудандық мәслихат хатшысы Айтуған Шайхимов мұрындық болды. Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Нұрмағанбетов, «Аманат» тобының мүшелері және Кемеңгер ауылдық округінің әкімі Асылбек Вакпаев қатысқан жиынға сондай-ақ Zoom платформасы арқылы аудан депутаттары, жергілікті округ әкімдері, кітапханашылар, мәдени ұйымдастырушылар, т.б. сала мамандары, барлығы 60 адам қатысты.

Жиынға төрағалық еткен Бақытбек Тілеубайұлы аталмыш бағытта ауданымызда атқарылған игі істер турасында есеп берді. Ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Атап өтсек, Павлодар ауданы бойынша екі тарихи тұлға республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне ендіӘйтім ауылындағы киелі орындарының бірі– Ертіс-Кереку өңірінің өнегелі ұстазы, діндар тұлға, шипагер, халфе, тірісінде «Ғазиз Атекем» (Қасиетті Ата) атанғанНұрғали хазірет Боташұлы мекен еткен жер болса, екіншісі белгілі емші Үміт Сұбаталованың қасиеті жайлаған Үміт апа ауылы. Алғашқы тұлғаға арнап зират маңында ескерткіш тас орнатылса, екінші тұлғаның емшілік жасаған жері, мешіті, мәңгілік мекені маңы абаттандырылып, ол жерге апаратын жолдар жөнделді. Сондай-ақ түрлі зерттеулердің арқасында ауданымыздан шыққан атақты тұлғалар жайлы тың деректер анықталған. «Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы аясында «Ертіс» облыстық арнасының «ЖЕРҰЙЫҚ» бағдарламасында Нұрғали хазірет, Сырымбет батыр, Дәндібай би жайында сюжет түсірілді. Бүгінде көп ескерілмей, аты беймәлім тұлғаларымыз арнайы «Жақсылар халқымыздың кемесі» атты жинаққа енген. Бұл жұмыстардың басында жүрген жерлесіміз, тарихшы, Ақмола облысы Зеренді ауданының бас имамы Хабзат Баужанов жиында сөз сөйлеп, болашақ ұрпаққа аманат ету мақсатында ұлы бабаларымыздың ізі тиген жерлерді аралап, архивтерді қопарып, көнекөздерімізден мәлімет жинап, игі іске мұрындық болғаны үшін қуанышты екенін жеткізді.

Кемеңгер ауылдық округінің әкімі Асылбек Вакпаев бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы елді мекендегі 28 көшенің 10-ы қазақ тілінде жаңа атауға ие болған. Ол сондай-ақ елді мекен атауының да өзгергені көптен күткен игіліктердің бірі болғанын тілге тиек етті.

ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы бағдарлама қабылданғалы өткен төрт жылда ел аумағында жасалып жатқан игіліктер қуантпай қоймайтынын бөле атады, сонымен қатар, талай жылғы отарлану саясаты кесірінен есімі ұмыт болған бабаларымызды, салт-дәстүрімізді қайта тірілтіп жатқанымыз қандай ғанибет десті және рухани жаңғыру – ой санасы өзгерген, рухы биік тұлға тәрбиелеу екенін алға тартты:

- «Өткендерін ескерген өскендіктің белгісі, Өткендерін жек көрген, өшкендіктің белгісі» деген қазақта жақсы сөз бар. Шын мәнінде өшіп кетпес үшін, халықтың ой санасы жаңа, тәуелсіз болып қалыптасуы керек. «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс». Рухани жаңғыру болашақ ұрпақ үшін керек. Ұлы көсем, ақындарымызға арналған ескерткіштердің бой көтеруі де болашақ ұрпақ қамы. Ата-бабаларының ерлігін біліп, жырларына қанық болып өскен жастың рухы әрдайым биік болмақ, - деді.

Ол сондай-ақ көшелердің қазақыланып жатқаны керемет. Дегенмен, өңір, облыс атауын өзгертуді де қолға алу міндет екенін атап өтті.

Әріптесі Нұржан Нұрсипатов айтылған ой, пікірлермен келісетінін, рухани жаңғыру – тіліміздің, діліміздің жаңғыруы екенін айтып, жиналғандарды Сенаттағы жұмыстары жайлы ақпараттандырып өтті. Атап өтер болсақ, қазіргі елдегі ахуалға байланысты пандемияға қарсы үкіметтің дағдарыстан шығу заңнамасының негізі жасалып жатқанын, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмалар заңнама түрінде бекітілу үстінде екенін, төрт айда 50 заң жобасы қаралғанын, оның 40-ы жалпы отырыста қаралып, бекітілгенін, қалғаны жұмыс үстінде екенін жеткізді. Бұл кезеңде қоғамдық өмірдің әртүрлі саласын қамтитын заңдар қабылданған, атап айтқанда, сот жүйесі, адвокаттық қызмет, уран өндірісі саласын дамыту, жол қозғалысы, нотариат, ғылым, туристік қызмет, атом энергиясын пайдалану сұрақтарын реттеуге бағытталған, т.б. маңызды заңдар. Қоғамда үлкен пікір-талас тудырған жер мәселесі туралы заң жобасына «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді» деген түзетулер енгізіп, мәжіліске қайтарылған. Жалпы, төрт айда мәжіліске бес заң жобасы қайтарылғанын тілге тиек етті.

Сенат депутаттары халыққа ашық екендіктерін, қандай да бір ұсыныс-тілектері болса, жолдауларына үндеді.

Рухани мәні терең жиыннан рухани ләззат алып шықтық деп сеніммен айта аламыз.